Бүгін өңірдегі Қостанай қызмет көрсету саласының колледжінде есімдері қала тұрғындарына етене таныс әкелі-балалы фотосуретшілер Иван және Никос Мармалидидің «Ассамблея тұлғалары» атты фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Көпшілік назарына ұсынылған бейнесуреттердің дені қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып түсірілген. Иван Мармалиди «Неа Акрополис» атты грек этномәдени бірлестігіне төрағалық етеді әрі шығармашылықты жаны сүйетін фотограф. Оның әулеті ғұмыр бойы өнердің айналасында еңбек еткен. Ал, баласы Никос облыс орталығындағы беделді басылымда фототілші қызметін атқарады. Оның атасы кезінде Қазақстан және тың жөнінде репортаждар жасаған.
Кездесу аясында авторлар фотографтың ішкі әлемінің, кадрға іліккен бейнемен үйлесуі, суреттермен жұмыс жасау барысы және жылдар бойы жинаған тәжірибелері жөнінде студенттер қауымына әңгімелеп берді. Қос автордың жетекшілік етуімен жұмыс жасайтын үйірме ашу білім ордасы ұжымының жоспарында бар. Ондағы мақсат — білім алушылардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты дамыту.
— Көрмеге 15-тен астам жұмысымызды әкелдік. Олардың әрқайсысы еліміздегі келісім мен бейбітшілікті суреттейді. Олар сонысымен өзекті болып қала бермек. Біздің әрбір суретіміз қойылым нәтижесінде туындаған жасанды дүние емес. Олар белгілі бір күннің әр сәтінің, айтулы мейрамның кескіні, — дейді фотограф Никос Мармалиди.